25
январь
2021
"Жамбыл Жабаев - 100 жасаған ақын"
Жамбыл Жабаев шығармашылығы сөз болғанда әдебиет әлемінің жаңашылдығына зер саламыз. Сарай ақындарынан бастау алып, жыраулар поэзиясында көрініс тапқан, кейін иірімі өзгеше жаңа поэзияның қарқынына ілесе білген ақындар қауымы көп емес. Жамбыл сол үрдісте жаңашылдық танытқан жасампаз ақын. Ол – өз заманының ұлы ақындарының бірі. Жамбыл есімі жаңашылдықтың үрдісінде көш бастайтын, шығармашылығы әлі де зерттеуді қажет ететін бірден-бір тұлға.
Жамбыл – шынайы шындықтың көркем суреткері. Таза шындықтың ақыны. Ұстазы Сүйінбай секілді ешкімге жалтақтамай, айтарын астарламай, ащы шындықты батыруға дағдыланған. Ел билігіне, халық мұқтаждығына арналған өлеңдерінен бұл қасиетін оңай көре аламыз. Саяси лириканың шекпенін киген ұлы ақынның қай өлеңдерінен болмасын, халықтың ауыр тұрмысын, мұң-мұқтажын, ел басындағы ауыртпалықты, болыс-билер парақорлығының айқын көріністерін ажырата аламыз. Қандай дүниені болмасын, ақын көзімен барлап, сурет күйінде танып үйренген Жамбыл өмірден өткенше осы аңғарымпаз қалпынан танған емес. Қай заманның ақыны болса да, жай пенделер секілді өз заманына тәуелді. Өз заманының туындысы. Жамбыл шығармашылығы да өз дәуірінің шындық сәулесі. Ол халық әдебиетін, өзінен бұрынғы ақындар шығармаларын, ауызша тараған жыр-дастандарды жатқа білген. Көненің көзімен жырланған әр дастанның жолында өзгеше сарын бар. Жүріп өткен жолдың еншісінде қаншама қайғы-мұң, соған сай қаншама қуаныш бар. Осының барлығын өлең жолына сыйғыза білу – ақынның қолынан ғана келеді.
Үстіміздегі жылда Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Осы орайда Тараз қалалық №22 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрбекова Шакизат Шайрбековна "Жамбыл Жабаев - 100 жасаған ақын" тақырыбында 11 "А" сынып оқушыларына танымдық сағатын өткізді. Білім алушылар аталған сабақта белсенділік танытты.
